Новые фотографии были добавлены в альбом Мектеп суреттері.
Лицей өмірінен
НАУРЫЗ-2017
Лицейімізде Ұлыстың ұлы күні "Наурыз" мерекесі тойланған болатын. Мерекелік іс-шара аудан әкімінің орынбасары Н.Өмірбаевтың және аудандық білім бөлімінің бас маманы Г.Таңатарованың құттықтауымен ашылды. Барлық сыныптар мен лицей ұжымы киіз үйлер тігіп, ішін дәстүрлі нақышта безендіріліп, ұлттық тағамдардың сан түрінен дастархан дайындады. Құда түсу, сырға салу, беташар, бесікке салу, тұсаукесер, енші беру сияқты ұлттық салт-дәстүрлер көрінісі мен қазақ халық әндерін орындаудан сынып аралық жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, арқан тартыс, қолкүрес, гір көтеру – спорттық сайыстарында әкелер мен ағайлар додаға түсіп, мықтылықтарын дәлелдеді. Қазаны қайнап, түтіні бұрқырап, керемет қазақ ауылының көрінісін берген бұл шарада барлық қатысушы аналар кимешек тартып, кәжекей кисе, ер адамдар шапан жамылып, бас ұстап, оқушыларға қазақтың салт-дәстүрлері жайынан тәлім-тәрбиесі мол әңгімелерін айтты. Атаулы шара барлық қатысушылардың және қонақтардың көңілін көтеріп, қазақи болмысымызды тағы бір биікке көтеріп, дәстүрімізді тағы да жаңғыртты.
Соңғы қоңырау
Бүгін, тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, 25-мамыр соңғы қоңырау мерекесіне орай "Сыңғырла, соңғы қоңырау!" атты салтанатты жиын өткізілді. Салтанатты жиынымызға аудан әкімі М.Ш.Ізбасов, аудан әкімі аппараты басшысы Ә.И.Играшин, аудандық білім бөлімі бас маманы Г.Қ.Таңатарова қонақ болды. Қонақтарымыз лицей ұжымы, ата-ана, оқушыларымызды мерекемен құттықтап, ауданы әкімі М.Ш.Ізбасов республика көлемінде өткен додалардың жеңімпаздарын марапаттады. Оқу жылында «өте жақсы» оқып, табысты аяқтаған оқушыларды директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Оразкельдиев пен аудандық білім бөлімі бас маманы Г.Қ.Таңатарова марапаттап, мақтау қағазын тапсырды. Сонымен қатар, лицей директоры Э.К.Пириев оқу жылында табысты, нәтижелі еңбектерімен көзге түскен ұстаздарымызды дипломдармен марапаттап, шығармашылық ізденімпаздығын, кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде көрсете білгені және де оқушылардың білім алуына деген ынтасын ашуға қосқан үлесі үшін «Жыл мұғалімі-2017» кубогын лицей мұғалімі Г.Ж.Мұқановаға табыстады. Салтанатты жиын әсем әнмен, оқушыларымыздың биімен ұласып, 2016-2017 оқу жылының «Соңғы қоңырауы» соғылды.
Алғашқы қоңырау
Бүгін, лицейімізде "Білім күніне" орай 2017-2018 оқу жылының "алғашқы қоңырауы" соғылды. Салтанатты жиын осы оқу жылында лицей басшылығына жаңадан келген лицей директоры А.Арисбаев және Жылыой ауданы білім бөлімі басшысының орынбасары Г.Таңатарованың мерекелік құттықтау сөздерімен ашылды. Ата-аналарымыз да құттықтау сөздерінде жаңа оқу жылына табыстар, жетістіктер тіледі. Тілектер әсем әнмен, оқушымыздың ұстаздарына арнаған өлеңімен жалғасты. Биыл лицейімізге жаңадан қабылданған оқушылармызбен қатар, лицей ұжымы тәжірибелі, білікті мамандармен толықты. Жиын соңында алғашқы қоңырау соғылып, оқу жылы сыныптарда "Мен елімнің патриотымын" тақырыбында алғашқы сабақ өткізілуімен басталды.
Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз. Ұстаздарға жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық, жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілейміз! Және де биылғы оқу жылы оқушыларға да сәтті болуына тілектеспіз.
Облыс әкімі қонақта
Бүгін лицейімізде Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаев, облыстық білім беру басқармасы басшысы Н.Сайлауова, аудан әкімі М.Ізбасовтар қонақта болды. Облыс әкімі қонақтармен бірге лицейдің күнделікті тыныс-тіршілігін көріп, оқушылармен сұхбаттасып, ғылыми-танымдық жобаларын тамашалады. Оқу бағдарламалары және білім сапасымен танысып, кітапхана қорындағы білім берудің жаңа бағытына негізделген оқулықтарға шолу жасады. Лицей ғимаратын толық аралап, оң өзіндік бағасын берді. Оқушыларымыздың және ұжымның жеткен жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, алдағы атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі. Облыс әкімі қонақта.
Аудан әкімі лицейімізде қонақта
Атырау облысы дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернатында 2016 жыл, қарашаның тоғызыншы жұлдызында қонақта аудан әкімі Ізбасов Мақсым Шафихұлы, аудан әкімінің орынбасары Өмірбаев Нұрадин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Аманшиева Светлана Ертілеуқызы қонақта болды. Келген қонақтар лицей жатақханасының жағдайымен танысып, оқушылар асханасына өз бағаларын берді. Оқушылар үшін жабдықталған арнайы оқу, демалыс кабинеттерін аралап, сабақтарға кіріп, оқушылармен сұхбаттасты. Лицейдегі жүргізіліп жатырған жұмыстар мен жағымды атмосфера, ұйымшыл ұжым мен белсенді оқушылар келген қонақтарға жақсы әсер қалдырды. Аудан әкімі Ізбасов Мақсым Шафихұлы лицей жұмыстарына сәттілік тілеп, лицей диреторы Пириев Эльбрус Камалұлына жылы лебізін білдірді.